• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қазан, 2017

 Алматыда ғалымдар латын әліпбиіне көшудің мәселелерін талқылады

210 рет
көрсетілді

Алматыда Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институтында «Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшірудің өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел жұмысына ғалымдар, ҒЗИ ғылыми қызметкерлері, жоғарғы оқу орындарының магистранттары мен доктаранттары қатысты.

Еліміз бойынша қызу талқыланып жатқан тақырыптың өзектілігіне тоқталған ғалымдар тарихи шешімнің алдында жан-жақты сарапқа салынған барлық ережеге сай тиімді тетікті табуымыз керек дегенді айтты. Яғни барлық ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері бірауыздан қолдаған нұсқаны нысанға алып, әртүрлі ұсыныстарды бір арнадан тоғыстыру көзделді.

Қазіргі технократты әлемде бір әліпбиден екінші әліпбиге өту кез келген халыққа, кез келген ұлттық тілге ауқымды зардаптар тигізеді. Бұл бірінші кезекте тілдің жалпыға таныс әмбебап қызметімен байланысты, әрине, жаһандану және ақпараттандыру ғасырындағы білім мен ақпараттың рөлі ерекше. Қазіргі таңда әлемдік экономика саласында білім, іскерлік және дағдылар индустриясы өте тиімді болып жатыр. Сонымен бірге, барлық әлемдік ғылыми және мәдени ақпарат ағылшын тілі негізінде баяндалып, көрсетілуде. Осылайша, қазақ тілінің кириллица әліпбиінен латын әліпбиіне өтуі маңызды рөл атқарады. Ал латын әліпбиі жалпыәлемдік ақпараттарға Қазақстанның әлеуметтік-мәдени дамуындағы  қазіргі талаптардың балама нұсқасы болып табылады – дейді Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, саяси ғылымдарының  докторы, профессор Ақан Бижанов.

Басқосуда қазақ жазбасының латын әліпбиіне өту мәселесін мамандардың кең және білікті талқылау барысында алға қойылған маңызды мәселелер бойынша бірнеше пікірлер ортаға шығарылды. Атап айтқанда, тіл білімі мамандары тарапынан диграфтық немесе диакритикалық жүйенің қабылданылуы маңызды екені атап өтілді. Бұл лингвистикалық мәселе қазақ тілінің жаңа әліпбиін алға қарай дамыту үшін бірден-бір маңызды фактор болып табылады. Бұдан басқа, латын графикасына көшудің мәдени және саяси-әлеуметтік аспектілері қарастырылды. Дөңгелек үстелдің спикерлері жалпы түркілік тамырдың қайта қалпына келтірілуін және латын әліпбиінің креативті әлеуетін пайдалану қажеттілігін атап өтті.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ